Өндірістік операциялар барысы

Компания 2016 жылы өндіруді бастағаннан соң, 2017 жылдың басына таяу өндіріс көлемін алғашқы мақсатты деңгейге, яғни тәулігіне 180 000 баррель мұнай өндіру деңгейіне дейін жылдам және қауіпсіз арттыруға қол жеткізді. 2017 жылы ең маңызды техникалық жетістік тамыз айының ортасында күкіртті (немесе шикі) газды кері айдауды қауіпсіз және дер кезінде бастауы болды. Бұл Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін арттыру үшін газ айдау көлемін бірте-бірте арттырып, оңтайландыруға мүмкіндік берді. 2017 жылдың аяғына қарай компания мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 270 000 баррельге жеткізді. Компания мұнай өндіру көлемін тәулігіне 370 000 баррельге дейін арттыру жұмыстарын жалғастыруда. Компанияның тәсілдемесі жабдықтары мен процестері сенімділігін коллектор күйін ескере отырып қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты және жоспарлы шаралардың дәйектілігінен тұрады; бұл ретте өндірістік қауіпсіздік басты мәселе болып қала бермек. Компанияның өндірістік сенімділік көрсеткіштері күткендей сәйкес келді, тіпті одан да асып кетті. Осылайша, алауда газ жағу көлемі ҚР заңнамасына сәйкес ең төмен деңгейде болды.

2017 жылы D аралының төңірегінде (EPC-2, 3 және 4) жаңа ұңғымаларды пайдалануға беру жұмыстары мен қосу-реттеу жұмыстары жалғастырылды. Компанияның тағы бір маңызды жетістігі – «Болашақ» МГКДҚ-да су тазарту бойынша қосымша қуаттардың іске қосылуы, бұл өндірістік судың қайта айналымының көлемін арттыруға және Атырау мен Маңғыстау облыстарын сумен жабдықтайтын құбыр желісінен алынатын тұщы судың көлемін екі есе азайтуға мүмкіндік берді. «НКОК» компаниясы Батыс Ескенеде жүк тиейтін арнайы теміржол терминалының құрылысын аяқтап, 2017 жылдың қазанында тауарлық күкірттің алғашқы көлемін экспортқа шығарды.

Күкіртті газды кері айдау

Қашаған кен орнының коллекторы жоғары қысыммен (700 бардан астам) және күкіртсутегінің (H2S) жоғары концентрациясымен ерекшеленеді, яғни өндіріліп жатқан газ күкіртті газ болып табылады. Күкіртті газ күкіртсутегіні (H2S) жою үшін тазартылады. Осы процестің нәтижесінде қарапайым күкірт түзіледі. Өндіріліп жатқан мұнай көлемі компания өңдей алатын күкіртті газдың көлемімен шектеліп отыр. Қашаған кен орнының артықшылығы – жоғары қысымдағы күкіртті газды қойнауқатқа кері айдау іс жүзінде кен орнының мұнай бергіштігін арттыруға жол ашады. Осылайша, күкіртті газды қойнауқатқа кері айдау экологиялық жағынан да, өндірістік жағынан алғанда да оңтайлы шешім болып отыр. Бұл Қашаған кен орнының мұнай беру коэффициентін арттыруға және сонымен бірге күкірт өндірісін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жеңіл газ тәрізді компоненттер теңіздегі D аралында анағұрлым ауыр мұнайдан бөлінеді, кейіннен ондай компоненттер көлемінің шамамен жартысы жоғары қысым ықпалында коллекторға, яғни өздері бұрын өндірілген қойнауқатқа кері айдалуы ықтимал.

Тауарлық газ

Газдың қалған бөлігі «Болашақ» атты мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына (МГКДҚ) жіберіліп, онда күкіртті газ күкіртсутегіден тазартылуда. Дайындалған немесе «күкіртсіздендірілген» газ ішінара құрлық және теңіз нысандарында электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылып жатыр және ішінара тауарлық газ ретінде сатуға жіберілуде. Тауарлық газ арнайы құбыр желісімен Мақатқа тасымалданып, содан кейін «Қазтрансгаз» компаниясының инфрақұрылымдық нысандарына беріледі.

Күкірт

Құрамында күкірт мөлшері жоғары газды өңдеу, сонымен қатар күкіртке қатысты жұмыстарды қауіпсіз және тиімді ұйымдастыру жоба үшін өте маңызды. Жоба жүзеге асырылатын мерзім ішінде орташа алғанда

қарапайым күкірттің жылына шамамен 1,1 млн тонна қарапайым күкірт (күніне 3 800 тонна күкірт) өндіріледі. Күкірт Батыс Ескенедегі арнайы жүк тиеу терминалында теміржол вагондарына тиеліп, теміржолмен өткізу нарықтарына тасымалданады. Әрбір акционер өнімдегі өз үлесін тасымалдау және өткізу үшін өзі жауапкершілік атқарады. Күкірт тек уақытша ғана сақталады. Күкірттің ыза су қабатына енуіне жол бермеу үшін күкірт сақтау алаңы қорғаныш төсемімен және дренаж жүйесімен жабдықталған. Алаңның бүкіл периметрі бойынша өрт пен газдың шығып кетуін анықтайтын құрылғылар орнатылған.

2017 жылғы 28 қазанда «НКОК» компаниясының құрлықтағы күкірт қондырғысынан күкіртпен артылған алғашқы пойыз жөнелтілді. Сол уақыт тан бері экспортқа 600 тоннадан астам күкірт шығарылып, ол «НКОК» компаниясының экспортқа жүйелі түрде жөнелтілетін өніміне тез айналды. Қазіргі таңда бір аптада 7 пойыз жөнелтіліп жатыр.