Бірегей ландшафт

Сулы-батпақты алқаптар

Қазақстанда Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі сулы-батпақты алқаптардың (СБА) суда жүзетін жыл құстарының популяциясын сақтаудағы маңызы өте зор. Еуразия қоңыржай ендігінің кең жазығынан қыстау үшін Қазақстан арқылы Оңтүстік Азия мен Африкаға ұшатын жыл құстары осы өңірде біраз тынығады, түлейді, май жинайды. Бұл жерде жылына екі рет жыл құстарының 280-ден астам түрі мекендейді, олардың ішінде сирек кездесетін және эндемик түрлердің біршамасы бар. Қалың қамыс қопалары ұя салушы құстардың мекендеу орны болып табылады. Сыбырлауық аққу мен көптеген үйректер қамыс қопаларын түлеу орны ретінде пайдаланады.

Қамысты алқап

Каспий теңізінің солтүстік жағалауын түгелімен қамыс қопаларының алқабы басып жатыр. Жайық өзенінің теңізге құяр жағалауында қамыс алқабының ені 5 - 18 км аралығында. Қамысты алқаптың рөлі көпжоспарлы. Қамыс нуы су тасыған кезде су деңгейінің көтерілу жылдамдығын бәсеңдететін табиғи бөгет қызметін атқарады. Сонымен бірге ол жағалаудан шайылатын ластарды едәуір тұтып қалатын сүзгі болып табылады. Қамысты алқап - балықтар мен құстардың түрлі топтарының шоғырлану орны. Су өсімдіктері мен олардағы омыртқасыздар құстардың жылы жаққа ұшатын түрлеріне де, ұя салатын түрлеріне де азық.

Мұз тұру кезеңі

Каспий теңізі ішінара мұз қататын теңіздерге жатады, ал оның суы тайыз солтүстік бөлігі жыл сайын қатады. Солтүстік Каспийдегі мұз тұру кезеңі қараша айынан бастап наурыз айының аяғына дейін созылады, Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігі жылдың суық кезеңінде мұз тұру ықтималдығы 100% аймақ болып табылады. Теңіздің қату процесі солтүстік-шығыс бөлігінде басталып, содан соң оңтүстікке қарай бет алады. Теңіздің суы терең ашық бөлігіне қарағанда жағалау бойында мұз тез қатады. Ақпан айының ортасында мұздың ең қалың қабаты 75-96 см шамасына жетіп, ол ери бастағанша өзгермейді. Теңіздің мұз құрсауынан босау процесі кері бағытта жүреді.