Экологиялық басқару

Компанияның қалдықтарын басқару

«НКОК» компаниясында қалдықтар мен сарқынды суды басқарудың бірыңғай жүйесі бар, ол жинау, тасымалдау, ішінара кәдеге жарату және одан әрі сыртқы ұйымға тапсыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Компания Каспий теңізінің бірегей флорасы мен фаунасына жағымсыз әсер тигізбеу үшін теңізде «нөлдік төгінді» саясатын ұстанады. Теңіз нысандарында түзілген барлық қалдықтар мен сарқынды су кәдеге жарату үшін құрлықтағы нысандарға жіберіледі. Компания қалдықтардың бүкіл өміршеңдік циклын қадағалайды және өз қалдықтары үшін түзілуінен бастап, толық кәдеге жаратылуына дейін жауапкершілік атқарады.

Ауа сапасын бақылау

Атырау облысындағы экологиялық ахуалды тұрақтандыру және жақсарту жөніндегі іс-шаралар аясында компания атмосфералық ауа сапасын қадағалау жүйесін құрды. Бұл жүйе ауа сапасын бақылайтын 20 стансаны қамтиды, олар компанияның өнеркәсіптік нысандары айналасындағы санитарлық қорғау аймағында, жақын маңдағы елді мекендерде және Атырау қаласының анағұрлым функционалды аудандарында орналасқан.

Стансалар үздіксіз жұмыс істейді және күкіртсутегі, күкірт қостотығы, азот қостотығы, азот тотығы және көміртегі тотығы сияқты ластағыш заттектердің концентрацияларын өлшейді. Деректер компанияның орталық компьютеріне жолданып, сонда сақталады, талданады және өңделеді. Сонымен бірге деректер «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалына және «Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолданады.

Атмосфералық ауа сапасы мен метеорологиялық параметрлерді қадағалау әсіресе төтенше жағдайларда маңызды, өйткені ол ластанған ауа массаларының жылжу бағытын анықтап, шұғыл түрде қажетті шараларды қолдануға мүмкіндік береді.

Теңіздегі экологиялық мониторинг

Компания 1994 жылдан бері Каспий теңізінің қазақстандық секторында экологиялық мониторинг жүргізіп келеді. Бұл зерттеулердің мақсаты – өндірістік қызмет жүргізілетін аймақтағы қоршаған ортаның ахуалын бағалап, оның белгіленген табиғат қорғау талаптарына сәйкестігін анықтау. Бұл жұмыстар барлық климаттық маусымдар бойынша жүргізіледі және мамандандырылған ғылыми кемелерде орындалады. Мониторинг қоршаған ортаның келесі компоненттерін қамтиды: атмосфералық ауа, теңіз суы, түптік шөгінділер, фитопланктон, зоопланктон, ихтиофауна.

Мұнайдың төгілуіне жол бермеу және ден қою

Тәсілдеме:

«НКОК» компаниясы үшін бірінші басымдық - мұнай төгілімдерінің алдын алу. «НКОК» компаниясының маңыздылығы бойынша екінші басымдығы - мұнай төгілімдерінің алдын алу жөніндегі шараларымызға қаншалықты сенімді болғанымызға қарамастан, кез келген оқиға орын алған жағдайда шұғыл және тиімді ден қоюға үнемі дайын болуды қамтамасыз ету. Мұнай төгілімдерінен қорғанудың анағұрлым тиімді құралы олардың алдын алу болып табылады.

Мұнай төгілімдерінің алдын алу жобалау кезеңінен бастап салу және пайдалану кезеңіне дейінгі жобаның барлық кезеңдерінде мұнай төгілуінің қатерлерін анықтау, сонымен қатар сол қатерлердің әсерлерін төмендету үшін қауіпсіздіктің ең қатаң стандарттарын үнемі қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

Технологиялар:

Біз мониторинг жүргізу, картаға түсіру, мұнай төгілімдерін анықтау және ашық су беті мен мұз жағдайларындағы мұнай үлдірінің қалыңдығын анықтау мақсатында әуеден GPS-ГАЖ асымалданатын құрылғыларын пайдалана отырып қашықтықтан бақылау және қашықтан мониторинг жүргізудің басқа да әдістері сияқты бірқатар түрлі инновациялық технологияларды қолданып жатырмыз. Мұнай төгілімдерінің траекторияларының компьютерлік үлгілері мұнай төгілімдерін жоюға қатысатын мамандарға ауа райы жағдайлары мен теңіздің күйіне қарай мұнай төгілімінің таралу мүмкіндігі туралы ақпарат алуларына көмектеседі. Бұл үлгілер мұнай төгілімдерін жою жұмыстарын жоспарлау процесінің ең маңызды бөлігі болып табылады.

Бұл әдіс экологиялық сезімтал алаңдардың карталарын әзірлеумен бірге маңызды мекендеу орталарын сақтау және қоршаған ортаға әсерді барынша азайту үшін мұнай төгілімдерін жою жұмыстарын жоспарлау кезіндегі басымдықтарды анықтауға көмектеседі.

Жою:

«НКОК» компаниясында Мұнай төгілімдерін жою жөніндегі кешенді жоспар әзірленген, ол тұрақты түрде оқу-жаттығу сабақтарын, соның ішінде осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен жаттығулар өткізуді көздейді. Мұнай төгілімдерін жою жоспары құбыр желісінің трассасы бойындағы оқиғалар толық сипатталған, соның ішінде экологиялық сезімталдық факторлары анықталған және әр құбыр желісі үшін төгілімдерді жою жөніндегі нақты ұсыныстар анықталған тараулардан тұрады.

«НКОК» компаниясында мұнай төгілімдерін жою жөніндегі арнайы топ құрылған, ол толық оқудан өткен және жұмыспен толық қамтылу жағдайында жұмыс істейтін жүзге жуық мұнай төгілімдерін жою жөніндегі мамандардан және қызмет көрсетуші персонал қатарындағы мамандардан, сонымен қатар шамамен он шақты шөгуі тайыз кеме мен мұнай жинауға арналған бірнеше баржаның экипаждарынан тұрады.

Солтүстік Каспийдің теңдессіз жағдайларындағы пайдалану үшін арнайы ондаған километр мұнайды жайылтпайтын бондар, сіңіргіш материалдар, жүзгіш және жиналмалы резервуарлар, контейнерлер және басқа да жабдықтар сатып алынды; олар Баутин теңіз операцияларын демеу базасында және Дамба елді мекеніндегі базада сақталуда (соңғысы НКОК үшін келісімшарт бойынша ҚМГ жүйелері мен қызметтері есебінен пайдаланылуда).

Шығарындылардан қорғау

«НКОК» компаниясының бірінші кезектегі міндеті - оқиғаларға жол бермеу мақсатында нысандарды қауіпсіз жобалау, салу және пайдалану.

«Болашақ» МГКДҚ айналасындағы 7-километрлік санитарлық қорғау аймағы тұрғындарды атмосфералық шығарындылардың денсаулыққа ұзақ мерзім бойына әсер етуінен қорғау үшін жеткілікті. Сонымен қатар ол штаттан тыс жағдайлар орын алған кезде қорғаудың біршама жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.