Қоршаған ортаға қамқорлық

НКОК компаниясының жалпы қағидаттарына сәйкес қызметкерлеріміздің денсаулығы мен еңбегін қорғау, активтеріміз бен қоршаған ортаны қорғау кезек күттірмес басты міндеттер ретінде қарастырылады. Осы басым міндет жұмыстардың халықаралық деңгейде орындалуын көздеп, «НКОК Н.В.» компаниясына бәсекелестік және нәтижелерге қол жеткізу бойынша басымдықтарды қамтамасыз етеді. Біздің мақсатымыз – қызметімізді денсаулық, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізіп жатырған өңірлерде сала бойынша және жергілікті халық арасында танымал болып, беделге ие болу.

«НКОК Н.В.» компаниясы денсаулық, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ойдағыдай шешу тиімділігі жоғары компанияның ең маңызды даму факторларының бірі екенін жақсы түсінеді. Біртұтас ұйым және жеке адамдар ретінде біз келесі міндеттемелерді мойнымызға аламыз:

  • компанияның барлық жұмыс орындарында жарақатсыз жұмыс істеп, қоршаған ортаға зиян келтірмеуге және табиғат ресурстарын тиімді пайдалануға ұмтылу;
  • басшылығымыз бен қызметкерлеріміздің үлгісіне негізделген денсаулық, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәдениетінің дамуына ықпал ету;
  • тиімді қадағаланатын ДЕҚҚОҚ тәуекелдерін анықтауды ескере отырып, ДЕҚҚОҚ саласын басқару жүйесіне жоспарлы тәсілдеме қолдану; бұл ретте тиімділікті бағалау үшін мақсаттар мен міндеттер қою;
  • қызметімізді табысты жүргізу үшін физикалық және ақпараттық қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз ету;
  • қызметкерлерді салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, оларды жұмыс орнындағы денсаулыққа төнуі мүмкін қауіп-қатерлерден қорғау;
  • өндірістік операцияларды техникалық бүтіндікті және жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің салалық стандарттарына сәйкес орындау;
  • ДЕҚҚОҚ саласындағы міндеттемелерімізге сәйкес келетін немесе олардан асып түсетін салалық және іскери серіктестерге қарап бой түзеу;
  • штаттан тыс және келеңсіз оқиғаларға шұғыл және тиімді ден қою мақсатында жүйелерді әзірлеп, оларды сынақтан өткізу;
  • қызметімізді ҚР заңнамасына, Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісімге сәйкес басқару және салалық озық тәжірибені қолдану;
  • ДЕҚҚОҚ саласындағы заңдар мен нормативтік актілерді әзірлеуге әдепті және сындарлы түрде атсалысу;
  • адам құқықтарына құрметпен қарап және ең жоғарғы халықаралық стандарттарды ұстанып, өзара сенімге негізделген ұзақ мерзімді оң қарым-қатынас орнату үшін жергілікті жұртшылықпен және қызметкерлермен ашық сұхбатқа ұмтылу;
  • жоғарыда аталған қағидаттарды үнемі жақсартып отыру мақсатында тексеріп, мезгіл-мезгіл талдау.

Ерекше қорғалатын аумақтар

«Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар» атты 38-тарауға сай қорық аймағында мынадай пайдалану режимі белгіленеді:

1) теңізде балықтардың қалыпты уылдырық шашуын және олардың жас өркендерінің ширауын қамтамасыз ету үшін 1 сәуірден 15 шілдеге дейінгі кезеңде Жайық (Урал) пен Еділ өзендері сағасындағы аудандарда Еділ өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен және Жайық өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен 50 километр шеңберде, сондай-ақ 1994 жылы 1 қаңтардағы жағалау сызығынан ені 15 километр белдеуде жоғарыда аталған атыраулар бойындағы кеңістікте және одан әрі шығысқа қарай Жем (Эмба) өзеніне дейін құрылыс және геофизикалық жұмыстар жүргізуге, ұңғымаларды сынауға және кеменің жүзуіне тыйым салынады. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша балық аулауды және оны тасымалдауды, навигациялық жағдайды бақылау құралдарын қоюды, ауыстыруды, алуды және тексеруді жүзеге асыратын кемелердің жүзуіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол беріледі.

2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген кезеңде мұнай өндіру процесі жабдықтармен, химиялық реагенттермен, жанар-жағар және басқа материалдармен, азық-түлікпен дербес қамтамасыз етуге көшірілуге тиіс. Мұнай өндіру процесіндегі қалдықтарды кейіннен тыйым салу кезеңі аяқталғаннан кейін шығарып тастау үшін оларды жинақтау мен сақтауды қамтамасыз ететін барлық шаралар қабылдануға тиіс.

ҚР Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес «НКОК Н.В.» компаниясы 1 сәуір мен 15 шілде аралығындағы кезеңде қорық аймағында (Жайық (Урал) және Еділ өзендері сағасындағы аудандарда Еділ өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен және Жайық өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен 50 километр шеңберде, сондай-ақ 1994 жылы 1 қаңтардағы жағалау сызығынан ені 15 километр белдеуде жоғарыда аталған атыраулар бойындағы кеңістікте және одан әрі шығысқа қарай Жем (Эмба) өзеніне дейін) ешбір жұмыс жүргізбейді.

Жобалаушылар теңіздегі кен орнынан «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін кәсіпшілік құбыр желісін тарту барысында Экологиялық кодекстің 38-тарауының талаптарын басшылыққа ала отырып, құбыр желісін Еділ, Жайық және Жем өзендерінің сағысынан тыс жерлерде жүргізді және 1 сәуір мен 15 шілде аралығындағы кезеңде аталған аумақта ешбір құрылыс жұмыстары жүргізілген жоқ.


Көлік құралдарына қойылатын талаптар

Компанияда 2019 ж. 1 шілдеден бастап көлік құралдарын пайдалану мерзіміне қатысты талаптар енгізілді. Барлық көлік құралдарына қатысты мынадай пайдалану мерзімдері қолданылуға тиіс:

- жеңіл автомобильдер - шығарылған жылынан бастап 7 жылдан аспауы тиіс;

- автобустар / жүк автомобильдері - шығарылған жылынан бастап 10 жылдан аспауы тиіс.

Осылайша Компанияда шығарындысы аз жаңа көлік құралдары пайдаланылады, себебі олар ұзақ мерзім бойы пайдаланылған көліктермен салыстырғанда жанармайды аз көлемде тұтынады.