«НКОК» компаниясының басқару жүйелері


Солтүстік Каспий жобасы 1997 жылы Қазақстан Республикасы мен ірі мұнай-газ компанияларының халықаралық консорциумы арасында жасалған Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім (СКӨБК) шеңберінде жүзеге асырылуда.

Қазіргі кезде консорциумның құрамына әлемдегі ең ірі және анағұрлым тәжірибелі жеті энергетикалық компания кіреді. Олар: «ҚазМұнайГаз» (16,88%), «Эни» (16,81%), «Шелл» (16,81 %), «ЭксонМобил» (16,81%), «ТотальЭнерджис» (16.81%), ҚҰМК (8,33%)  және «Инпекс» (7,56%) компаниялары. Өнімдегі өз үлесін тасымалдау мен өткізу, сонымен қатар есеп беру және сол өнімді СКӨБК-ге сәйкес Үкіметпен бөлісу құрылтайшылардың жеке жауапкершілігінде.

Жобаның басқарылуын акционерлер атынан әрекет ететін Оператор жүзеге асырады. 2015 жылға дейін Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде Оператор кен орнын игеру мен өнім өндіру бойынша белгілі жұмыстарды төрт агент-компанияға жүктеген операциялық үлгі қолданылып келген болатын. 2014 жылдың аяғында

акционерлер бірыңғай Оператор — «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясын тағайындау арқылы басқаруды одан әрі біріктіру және нығайту туралы шешім қабылдады. «НКОК» компаниясының жоғарғы басшысы - Басқарушы директор.

Компанияның жүйелері мен процестерінің ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес болуы мақсатында «НКОК» компаниясы келесі стандарттар бойынша сертификаттаудан өтті: ISO 45001:2018-Кәсіптік қауіпсіздік және денсаулық менеджменті жүйелері, ISO 14001:2015-Экологиялық менеджмент жүйелері және ISO 9001:2015-Сапаны басқару жүйелері.

Тәуелсіз сараптаманың талаптарына сай, «НКОК» компаниясы осы стандарттарға сәйкестікті мезгіл-мезгіл растаумен қатар өзінің басқару жүйелерін үнемі жақсартып отыруы тиіс.